Актуарийлерді оқыту туралы келісімге қол қою
12.09.2023Актуарийлерді оқыту туралы келісімге қол қою
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Нархоз университеті» КЕАҚ және «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ арасында «Актуарий» білім беру бағдарламасы бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау туралы Келісімшартқа қол қойылды.
Актуарий – актуарлық есеп айырысу, экономика және қаржы, қаржылық қауіпсіздік, тәуекелдерді бағалау және математикалық негізделген сақтандыру, қаржылық, инвестициялық, әлеуметтік және зейнетақы схемаларын әзірлеу, сақтандыру жағдайларының ықтималдығын анықтау үшін статистикалық талдау, аурулар мен өлім-жітім, стихиялық зілзалалар мен апаттар салдарынан болған залалдар мәселелерін шешетін маман.
Келісімшарттың мақсаты - сақтандыру секторының білікті актуарийлерге қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады.
Қол қойылған құжат шеңберінде Агенттік дәрістер мен тәжірибелік сабақтарды өткізуге Агенттік қызметкерлерінің арасынан кәсіби мамандардың қатысуын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін болады.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры актуарийлерді оқыту және қайта даярлауда үйлестіруші қызметін атқаратын болады.
Нархоз университеті өз кезегінде Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі және еліміздің бүкіл қаржы секторы үшін кадр көзі болып табылады.
Қазақстандық заңнамаға сәйкес, әрбір сақтандыру ұйымында штат бойынша актуарий болуы керек.
Осыған орай, «Amanat» СК АҚ осы оқу бағдарламасына қатысушылардың бірі болды және «Актуарий» МВА білім беру бағдарламасы бойынша студенттердің біріне грант (оқу ақысы түрінде қаржылық көмек) берді.
Агенттік пен сақтандыру нарығының қатысушылары актуарлық кәсіпті дамытуға мүдделі, өйткені бұл сақтандыру секторының тұрақтылығын арттыруға тікелей әсер етеді.